среда, 17 февраля 2016 г.

Менің әлеміме қош келдіңіздер!

Әр адамның қуанған, жабырқаған кездерінде өзініңұбанышы" болады. Әркімнің жұбанышы әртүрлі: әуен тыңдау, серуендеу, (кейбіреулерге) ішімдік ішу, тағысын тағы. Ал менің жұбанышым - поэзия. 
Осы блогты поэзия сүйер қауым үшін ашып отырмын. Блогымда өзім жазған өлеңдерді жариялаймын және өзіме ұнайтын өлеңдер туралы жазба жазатын боламын.
Жалпы, мен поэзия әлеміне қалай келдім? Осы сұраққа жауап берейін. 
5-сыныпты бітірген кезім, жаз, демалыс. Үйде жатып зерігіп кеттім. Оқитын сабақ та жоқ. Күннің 50 градус ыстығында бала болып далада ойнай да алмаймыз. Ол кезде  қазіргідей планшет, смартфон дегендер болмады. Әжемнің туылған күніме сатып алып берген қарапайым, ақ-қара түсті телефонды қолданатын едім. Сол телефондағы  "құрт" ойын да жалықтырып жіберген еді. Өзімнен 1 жас үлкен көрші қызбен үнемі кешкісін көшеде доп ойнайтынбыз. Ол доп та жалықтырды. Сөйтіп, екеуміз кітап оқиық деп шештік. (Мен қазір сол шешімімізге өте ризамын.)  
Маңғыстауда жаз деген 50 градустың төңірегі ғой. Сонда да кітап үшін тал түсте әлгі көршіміз екеуміз аудандық кітапханаға бет алдық. Айтпақшы, көршіммен танысып қойыңыздар, есімі Бағила, қазір Орал қаласында, студент. 
Кітапханаға бара жатып, екеуміз бірдей кітап алып оқимыз, аяқтаған соң бірге талқылаймыз деп келістік. Мектепте Мұқағали Мақатаевтың бір-екі өлеңін жаттап, басқа шығармаларымен таныс болмаппыз. Содан, кітапханадан Мақатаевтың шығармалар жинағын алдық та, тезірек оқу үшін үйге асықтық. "Қош махаббат" деген пьесасы көзге оттай басылды. (Есімім Махаббат болғандықтан.) Күнімен соны оқып 2-3 күннің ішінде аяқтап тастадық. Өзі сонша ұзақ пьеса емес. Аталмыш пьесада Айбар деген ақын кейіпкер бар. Өлең жазғаны, ойланғаны өте қатты ұнады. Содан соң, Мақатаевтың өлеңдер жинағын алып, біршама өлеңдерін жаттадым. Мені поэзия әлеміне алып келген Мақатаевтың өзі, оның жауһар жыры. 
Поэзия - гүл сияқты. Иіс сезетіндерге жұпар исі маңызды, тек әдемілікті көретіндерге солмағаны маңызды.  (Сурет Алматы облысы, Қаскелең қаласында түсірілді.)
5-сыныпта шимайлап, ұйқасы онша келіңкіремейтін өлең жазаатын едім. Мақатаевты оқыған соң, қара өлең ұйқасын түсініп, салмақты өлеңді 6-сыныпта жазып бастадым. Мұғалімдерім жазғыштығымды байқап, "Абай оқулары" сайысына қатыстырды. Ауданнан 2-орын алып мәз болғаным - ең алғашқы жеңісім еді. 
Блогта өзімнің басымнан өткендей жағдайлармен таныс болып жатсам, ол да бір әлемге жетелер деп ойлаймын.
Оқырман қауым, менің әлеміме қош келдіңіздер! Құрметпен Махаббат Жұбаныш.


1 комментарий:

  1. Ендеше, сенің әлеміңе қош келдік. Жаңа туындылар күтеміз.

    ОтветитьУдалить