четверг, 18 февраля 2016 г.

"Қыздарға көлік жүргізудің қажеті жоқ"

Елден жырақта жүрген кезде танымайтын адамдармен әңгімелесіп көрдіңіз бе?
Елден жырақта жүргенде бір жақынның болғаны да - демеу. (Сурет Алматы-Маңғышлақ пойызында түсірілді.)

Көше тар болса да, жолыңыз әрдайым кең болсын! (Сурет Сулеймен Демирель Университетінің ауласында түсірілді)
Бірде қалада оқитын сыныптасым жатақханада достарымен жағаласып жүріп, қолын ауыртып алыпты. Кеш болып кеткен соң ауруханаға да бара алмапты. Үлкен қалада менен басқа жақыны жоқ. Ертесіне сабақтан шыға сала онымен бірге ауруханаға барайын деп жолға шықтым. 
Таксиге отырдым. Алматының көшелерінің атын да білмеймін. Әйтеуір тар көшемен бара жатырмын. Қарама-қарсы келе жатқан көлік "қопырап", тез жүріп кетпей жыныма тиді. Алматының тар көшелеріне жыным келеді дегенім сол еді, әлгі таксист  көшеде кінә жоқ екенін, жүргізуші дұрыс болса, жол жақсы екенін айтып түсіндіріп жатыр. Сонда  қалай болғаны деп ары-бері көшеге қарап қоямын. Әлгі ағай түсінбегенімді байқап, рөлде отырған қыз көлікті жүргізе алмай отырғанын айтты да, артынша қыздарға көлік жүргізудің қажеті жоқ деп "бұртиды" да қалды. Ал керек болса! Менің бала күннен арманым көлік жүргізу еді... Оған келіспеймін деп мен де "қисайдым". (Бізге қарама-қарсы кездескен көлікті жүргізіп отырған қыз екенін кейін байқадым.) Таксист қыздарды ережені көп біле бермейді, жол апатын тудырады  деп ақталып жатыр. Ол кісі қыз балалар нәзік болғандықтан кез-келген жағдайға дайын бола алмайды, бір ережені білсе, сол қатып қалған ережемен жүреді деп ойлайды екен. Неліктен олай ойлайсыз десем, қыз бала жүргізген көліктер көп жол апатына ұшырап жатқан себебі кенеттен болатын оқиғаға дайын болмай "мандраж ұстап" көлікті басқара алмай қалады деп түсінеді екен. "Әр молда өз білгенін оқиды" демекші, мен де өзімдікін айта бастадым. Бес саусақ бірдей болмағаны сияқты, қыздардың да ішінде салмақты, қорықпайтын, ержүректері болады деп айттым да, амандық болса ауылыма жеткен соң жүргізуші куәлігін аламын, "қорықпайтын  қыз жүргізуші" боламын десем, таңырқай отырып ауылымның қай жер екенін сұрап бастады. "МАҢҒЫСТАУ" деп мақтанышпен айттым. (Қазақ мақтанбаса, қазақ болмайды ғой.) "Маңғыстаудан болсаң қорықпассың, сендердің халықтарың өжет қой" дегенде, өз елімді мақтаған адамды өзге жерде бірінші рет көрген мен өзінің қай жерден келгенін сұрауға тырыстым. Сөйтсем, ол кісі Шымкенттік екен. Әңгімеміз басқа арнаға ауысып, Шымкенттіктер туралы айттық, оқу жайында да, саясат жайындада айттық. Солай біршама әңгіменің басын қайырып тастадық. "Тар жолдың" арқасында әңгімемізді кеңейтіп ауруханаға да жеттім.



2 комментария:

  1. Этот комментарий был удален автором.

    ОтветитьУдалить
  2. Бұл жерде гендік саясат емес, жеке адам рөл ойнайды. Пікіріңмен келісемін. Ал, Маңғыстаулық туралы әнгімең қызық екен. "Адайлар" десе барлығының көл алдына батырлық елестейтіні мені де қуантады.

    ОтветитьУдалить